Алматылық баскетболшы қыздар павлодарлықтардан ойсырай ұтылды

АЛМАТЫ. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда 2-3 наурыз күндері баскетболдан әйелдер арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигадағы "Алматы" мен "Ертіс-ПНХЗ1" командаларының ойындары өтті.

Алғашқы сында алаң иелері 33:119 есебімен павлодарлықтарға ойсырай ұтылған еді. Кешегі екінші кездесуде де 43:86 есебімен жеңіліс тапты.

Қазір турнир кестесінде павлодарлықтар 82 пайыздық көрсеткішпен топ бастап келе жатыр. Олар 14 ойында басым түсіп, 3 ойында ғана жеңіліс тапты. Ал 12 ойында мерейі үстем болып, 5 ойында жеңіліс тапқан Астананың "Жолбарыстары" 70,6 пайыздық көрсеткішпен өкшелеп келе жатыр. Кешегі сәтсіздікке қарамастан "алматылықтар" 26,7 пайызбен үшінші орында тұр. Алматылықтар 4 ойында жеңіп, 11 ойында ұтылса, 4 кездесуде ұтып, 15 кездесуде жеңіліс тапқан Көкшетаудың "Оқжетпесі" 21,1 пайыздық көрсеткішпен төртінші орынды қанағат тұтуда. Олар астаналықтардан осы күндері өз алаңындағы сайыста 65:87 және 66:106 есебімен сүрінген еді.