Алматылық дәрігер жүкті әйелдерге тұмаудың өршуіне байланысты кеңес берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық №36 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Рауан Нұркенов тұмау мен ЖРВИ өршіп тұрған кезде жүкті әйелдерге адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: sites.wp.odu.edu

Спикердің сөзінше, мегаполисте ЖРВИ мен тұмау сырқатының саны артты. Дәрігер мұны қаладағы халықтың көптігімен және адамдар көп жиналатын орындардың жиілігімен түсіндірді.

«Тұмаумен ауырғандар көбейіп келеді. Оның негізгі штаммдарына қарсы иммунитет бар. Бірақ тұмау штамдары жыл сайын мутацияға ұшырайды. Жыл сайын бізге жаңа штаммдары келеді. Сондықтан тұмауға қарсы вакцина жыл сайын өзгеріп отырады», - деді ол.

Рауан Нұркеновтың айтуынша, вирустар, әсіресе жүкті әйелдер үшін қауіпті.

«Бізге келген науқастар арасында жүкті әйелдер де бар. 15-20 пайыз шамасында. Сәйкесінше, қазірдің өзінде маусымдық тұмаумен ауыру жүріп жатыр. Жүкті әйелдер тұмаумен және ЖРВИ-мен ауырған кезде оларға профилактикалық және симптоматикалық ем көрсетіледі, соның арқасында олардың жағдайының жақсаруы байқалады. Антибиотиктер, егер қазірдің өзінде асқынулар болса, көрсеткіштер бойынша ғана тағайындалады. Егде жастағы адамдарда асқынулар жиі кездеседі, өйткені олардың созылмалы аурулары бар. Ал балалардың иммунитеті толық қалыптаспаған», - деді спикер.

Аурудың алдын алу үшін дәрігер иммунитетті көтеріп, адамдар көп баратын жерлерден сақ болуға және денсаулыққа күтіммен қарауға шақырды. Ол спортпен шұғылдануға кеңес берді.


Фото: sites.wp.odu.edu