Алматылық дәрігерлер 18,3 млрд теңге көлемінде үстемақы алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Алматы қаласында эпидемияға қарсы күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлері 1,8 млрд теңге көлемінде үстемақы алды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, пандемия басталған 2020 жылдың наурызынан бері МСҚ коронавирус пен пневмонияға қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеп келе жатыр.

«Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша КВИ-мен күресіп жатқан дәрігерлерге 18,3 млрд теңге үстемеақы төленді. Оның ішінде ең қауіпті І топтағы 20 069 адамға – 12,6 млрд теңге, қауіпі орта деңгейдегі ІІ топтағы 12 804 адамға – 4,1 млрд теңге, ІІІ топтағы 10 010 адамға – 1,6 млрд теңге үстемақы төленді. Үстемеақы төлеу бойынша Орталық қордың тарапынан тиесілі адамдарға қаржы төлеу мәселесі айына орындалып отыр»,-деді ол.

Алматы қаласы бойынша биылғы жылдың бірінші жартысында коронавирусқа шалдыққан сырқаттарды емдеуге 15,8 млрд теңге бөлінді. 313 мың адам ПТР тест тапсырған, оған 2,5 млрд теңге төленді.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастар тегін емделеді. Ол үшін сақтандырылуы шарт емес. Сонымен қатар, пациенттер COVID-19 жұқтырған жағдайда мобильді бригадалар мен үй жағдайындағы стационар қызметін пайдалана алады. 2021 жылдың 1-ші жартысында мобильді бригадалар 119 мыңға жуық шақыртуға барды, оған 681,6 млн теңге төленді.