Алматылық дәрігерлер биіктен құлап кеткен ер адамға күрделі ота жасады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер биіктен құлаған ер адамның жамбасына күрделі операция жасап, аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, емдеу мекемесіне үйдің үшінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған ер адам түсті.

Дәрігерлер оған жабық ми жарақаты, жамбас сүйегінің қызметі бұзылған деген диагноз қойды.

Клиника дәрігерлері оған жоғары технологиялардың көмегімен күрделі ота жасау туралы шешім қабылдады.

Жамбас сүйегінің остеосинтезі деп аталатын операцияы Травматология бөлімінің хирургі Нұржан Нұралы жасады.

2,5 сағатқа созылған ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды.

«Сынықтың мұндай күрделі түріне гипс салғаннан пайда жоқ. Бұрын мұндайда консервативті әдіс қолданылатын. Біз гипске балама болып табылатын остеосинтездеу операциясын жасадық. Ол пациентті отадан кейін екінші күннен бастап аяққа тұрғызуға мүмкіндік береді. Ота кезінде сүйек сынықтары пластиналармен және винттермен бекітіледі. Ем жақсы нәтиже берді, науқас екінші күні отыра алды. Үшінші күні арнайы құрылғыға сүйеніп жүрді. 12 күннен кейін пациент ауруханадан шықты, амбулаторлық деңгейде ем қабылдап жатыр», - деді маман.

Дәрігердің айтуынша, жоғары технологиялық ота сүйектердің тез арада әрі дұрыс бірігуіне мүмкіндік береді. Соның арқасында пациент бірнеше аптадан кейін қиындықсыз жүріп кетеді.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда қаладағы барлық ауруханалардың осындай күрделі операциялар жасауға мүмкіндігі жетеді.

Яғни, азаматтар қажетті медициналық көмекті дер кезінде пайдалана алады