Конференция барысында Алматы қалалық барлық медицина мекемелерінен жиналған өкілдер Тұңғыш Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді ұсынған бастамашы топтың ұсынысын ортаға салды. Алматылық ынталы топ басшысы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов Елбасының өкілеттігін референдум өткізу арқылы ұзарту бүгінгі күнгі ең тиімді жол және Президенттің оған лайық екенін атап өтті. «Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз референдумға өз қарсылығын білдірді. Алайда, Парламенттің 4/5 бөлігі, яғни, 80 пайызы қолдаса, онда Парламент референдум өткізу туралы шешім шығара алады. Н. Әбішұлының еліміздің тәуелсіздігі мен бүгінгі деңгейге жетуіне сіңірген еңбегін ескере келгенде, оның өкілеттігін ұзарту өте орынды деп есептеймін», - деді ғалым.
М. Жұрыновтың сөзін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау саласының ардагері, Алматы қалалық ынталы топ мүшесі Нина Каюпова да қостады. Өз сөзінде Н. Каюпова Елбасының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен бірге, денсаулық саласына да баса назар аударып отырғанына тоқталды.
Жиын соңында қатысушы барлық дәрігерлер бірауыздан ҚР Президентінің өкілеттігін 2020 жылды соңына дейін ұзарту туралы референдум өткізуді қолдайтындықтарын білдірді.