Алматылық емдеу ұйымдары 1,3 млрд теңгенің қызметін дұрыс көрсетпеген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тұрғындарына биылғы жылдың тоғыз айында көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылау барысында 1,3 млрд теңгенің қызметі дұрыс көрсетілмегені анықталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімінің жетекшісі Әсем Манапбаеваның айтуынша, кемшіліктің басым бөлігіне консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін клиникалар тарапынан жол берілген.

Жалпы, консультативтік-диагностикалық көмек бойынша 45 мыңнан астам қызмет дұрыс көрсетілмеген. Нәтижесінде 80 млн теңге қайтарып алынды.

Ақаумен көрсетілген 5,8 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Жіберген кемшіліктері үшін медициналық мекемелер 1,2 млрд теңгеден астам айыппұл төледі.

Ал, кемшіліктерге жол берген емханалар Қорға 60 млн теңге қайтарды.

«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», – деді Әсем Манапбаева.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көрсетілген қызмет сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырады.

Көрсетілген қызмет ақысы тыңғылықты тексеруден кейін төленеді.

Бұған дейін хабарланғандай, қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.