Алматылық еріктілер Азиадаға келетін қонақтарға қызмет көрсетуге дайын-Б. Мәкен

АТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қаласы бойынша 2400 ерікті 7-Қысқы Азия ойындарын қабылдауға 100 пайыз дайын. ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқармасының бастығы,

алматылық еріктілердің Азия ойындарына дайындығы жөніндегі қалалық Еріктілер шұғыл штабының төрағасы Бақтияр Мәкен әңгімелеп берді.

- Бақтияр Мәкенұлы, Азиадаға келетін қонақтарға қызмет көрсететін еріктілерді іріктеу кезіндеоларға қандай басты талаптар қойылды?

- Бұл іс қолға алына басталысымен, әр университеттің басшыларымен, оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі жетекшілерімен, сондай-ақ жастар комитеттерімен жиындар өткізіп, еріктілер қатарына студенттерді алу шарасын ұйымдастырдық. Осыдан кейін біз Азиада еріктілерін қатарға қабылдау үшін бірнеше басты талаптар қойдық. Біріншіден, еріктілер шетел тілдерін білулері керек деген талап қойылды. Екіншіден, жас ерекшеліктерін де екшедік. Үшіншіден, осындай халықаралық деңгейдегі шараға сай этикалық деңгейі болуы тиіс болды.

Негізі, Астанадағы Азиада ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясының бекітуі бойынша 2 қаладағы жалпы еріктілер саны 3500 болуы қажет. Алайда Алматы қаласының сыртында 2, ішінде 4 спорт кешені бар. Онымен қоса, ірі қала болғандықтан, қала ішіндегі көлік қозғалысы көп қиындық туғызады. Осы және басқа да мәселелерді ескере келіп, еріктілер санын тағы 400 адаммен толықтыру туралы Атқарушы дирекцияға ұсыныс жасадық. Бүгінгі таңда 2400 адамға аккредитация алынып, қызметтеріне дайын тұр.

Қатарға алынған еріктілердің әрқайсысы құқық қорғау органдарының тексеруінен өтіп, тиісті құжаттары белгіленгеннен кейін барып, есепке алынып, оларға арнайы тренингтерден өткізілді.

- Еріктілердің қатарын толтыру кезінде қандай жастар ұйымдары белсенділік танытты? Еріктілер қандай жұмыстар атқаратын болады?

- Бүгінде Алматыдағы әрбір спорт кешенінде еріктілердің қалай жұмыс атқаратындықтары, жүретін орындары белгіленіп қойды. Соған сай, әрбір нысанның жетекшілері бар. Бізге осы шараларды ұйымдастыруға, және қатарымызды толтыруға көптеген жастар ұйымдары, атап айтқанда «Қазақстан Студенттер Альянсы», Нұр Отан» ХДП-нің «Жас Отан» жастар қанаты, «Жасыл Ел» ЖЕО, сондай-ақ ЖОО студенттер кәсіподақтары да белсенділік танытты. Бұл тұрғыда біз ауыл жастарын да көптеп қамтуға тырыстық. Сонымен бірге, еріктілерді ұйымдастыру, аудармашылық, өнер көрсету және т. б. қабілеттеріне қарай әр салаға бөлдік. Бізде 6 спорт нысаны бар, ол нысандарда ақпараттық технологиялар, тамақтандыру, жедел жәрдем, құтқару секілді 12 қызмет түрі көрсетіледі. Солардың барлығында біздің еріктілер қызмет көрсететін болады.

Бетін әрі қылсын, әйткенмен де күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан да ондай мәселелерді дер кезінде шешу үшін еріктілер төтенше жағдайлар қызметімен, ішкі істер құрылымдарымен, медициналық қызметтермен және басқа да қызмет органдарымен бірлесіп жұмыс атқаратын болады. Мәселен, қандай да бір спорт нысанын алатын болсақ, ондағы еріктілердің әр тобының айналысатын жұмыстарына сай тұратын жерлері нақты белгіленіп қойылған. Сол бойынша, барлық оқыс оқиғалар кезінде еріктілерді адаспай табуға, қажетті жерге тез апаруға мүмкіндік жасалған.

- Еріктілердің тілдерді меңгеру деңгейі қандай?

- Жалпы, біз еріктілердің шетел тілдерін меңгеру жағдайын тілашар деңгейінде қалдырып отырмыз. Яғни, оларға амандасу-сәлемдесу секілді ауызекі сөйлеу тілін ғана меңгеруді жүктеп отырмыз. Сонымен қатар бізде хаттама бойынша жүретін VIP-санатындағы тіл меңгерушілер бар. Олар шетелден келетін маңызды адамдарға, атап айтқанда, Азия Олимпиадалық комитетінің басшыларына, танымал спортшы тұлғаларға, Араб елдерінен келетін шейхтар мен олардың отбасы мүшелеріне және тағы сол сияқты кәделі қонақтарға қызмет көрсететін болады. Бұл қызметтерге ҚБТУ, ҚМЭБИ, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, Алматы қаласындағы басқа да шетел тілдерін меңгерген мамандарды дайындайтын оқу орындарының ең үздік студенттерін бекітіп отырмыз.

Кешеден бастап тестілік сынақтардан өткізіп жатырмыз. Жалпы алғанда, Азиада еріктілері қонақтарға қызмет көрсетуге 100 пайыз дайын деуге болады. Еріктілер де өз елінің патриоты ретінде жұмыстарына құлшына кірісуге дайын екендіктерін айтуда.

- Азиада аяқталған соң еріктілерге арналып қандай да бір шаралар ұйымдастырылады ма?

- Әрине. Азиаданың соңғы күні - 6 ақпанда еріктілер үшін кеш өткізуді жоспарлап отырмыз. Азиаданың жабылу салтанаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Бірақ оған бәрі бірдей сыймайтындықтан, еріктілер үшін шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде кеш ұйымдастырылады. Онда үлкен экран қойылып, жабылу салтанатынан тікелей көрсетілім болады. Сонымен қатар белсенділік танытқан еріктілер Атқарушы дирекцияның, Алматы қаласы әкімдігің және Жастар саясаты басқармасының атынан мақтау қағаздарымен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Сол жерде концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, отшашу рәсімі болады. Онымен қоса, еріктілер үшін дастархан ұйымдастырылып, тамамақтандыру жағы да қарастырылған. Мұның барлығы арнайы жоспар түрінде жасалынып қойған.

- Сұхбатыңызға рахмет!