Алматылық футболшылар севастопольдіктерге 0:2 есебімен есе жіберді

АЛМАТЫ. 24 ақпан. ҚазАқпарат - Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Алматының 'Қайрат' футбол клубы кеше екінші бақылау матчын өткізді.

Алматылықтар Украинаның Бірінші лигасында бұл маусымда көшбасшылар қатарында келе жатқан "Севастополь" командасына 0:2 есебімен есе жіберді. Енді ертең Ресейдің Саранск қаласының "Мордовия" командасымен күш сынаспақ. Саранскіліктер - Ресейдің ұлттық футбол лигасының өткен маусымдағы чемпионы. 2012-13 жылғы маусымда тұңғыш рет Премьер-лигада бақ сынап жүрген бұл команда құрамында Черногория, Беларусь, Украина, Грузия, Хорватия, Словения және Румыния елінен келген легионерлер өнер көрсетеді.