Алматылық конькимен жүгіруші көпсайыс бойынша ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды
12:23, 29 Желтоқсан 2011
АЛМАТЫ. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматылық Ирина Шумихина Астанада өткен конькимен жүгіруден классикалық көпсайыста Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Онда әйелдер арасында да, ерлер арасында да қызылжарлық спортшылар чемпион атанды. Атап айтқанда әйелдер арасында жүлделі орындарды қызылжарлық Елена Урванцева, алматылық Ирина Шумихина және астаналық Ольга Жигина өзара бөлісті. Ал ерлер арасында қызылжарлық Дмитрий Бабенко бірінші, семейлік Евгений Назаренко екінші, астаналық Виталий Мальгинов үшінші орын алды. Онда сондай-ақ, 4 қашықтықта жинаған ұпай саны бойынша Д.Бабенко 2010 жылы наурыздағы Артем Белоусовтың ел чемпионатындағы рекордын жаңартты.
Енді олар 7-8 қаңтарда Астанада болатын жеке қашықтықтағы Азия чемпионаты мен көпсайыстағы Әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ. Вадим Саютин жаттықтыратын ұлттық құрама бұл дүбірлі додаға дайындығын 2 қаңтарда бастамақ.