«Алматы қаласы аймағында 51 мореналық көл бар. Оның ішінде жарылу қаупі бар 6-уында судан босатуға арналған алдын алу жұмысы жүргізіледі. Көлдерді судан босату, эвакуациялық арналарды тереңдету, қосымша сифонды құбыр орнату және монтаждау бойынша алдын алу жұмысын арнайы техника мен Қазселденқорғау мамандары жүзеге асырып жатыр. Сифон құбырлар мен қажетті материалдарды мұздық көлдерге жеткізу «Қазавиақұтқару» көмегімен жүзеге асты», - делінеді қалалық ТЖД хабарламасында.
Мореналық көлдердің жағдайына бақылау 11 кезеңді және 9 тұрақты гидробекет арқылы жүргізіледі.
Бұл бекеттер тұрмысқа қажетті заттармен, гидрометеорологиялық және байланыс құрылғыларымен жабдықталған модульді тұрғын үйлермен қамтамасыз етілген.
«Қазіргі таңда мореналық көлдердің толғаны байқалып отыр. Бірақ ондағы су деңгейі шектік белгіге жеткен жоқ. Сонымен қатар, сел қаупі мониторингінің автоматтандырылған жүйесінің 31 стансасының көмегімен мореналық көлдердің жағдайын бағалауға және қазіргі уақыт режимінде гидрометеорологиялық жағдайды қашықтан бақылауға болады. Бұл жүйе сел қаупі бар кезеңдегі жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Жалпы, маусым-қыркүйек аралығында Алматы тауларындағы сел жағдайы Қазселденқорғау және ТЖД мамандардың бақылауында болады», - деп хабарлады Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті.