Алматылық қызды танысы шымкенттік жеңгетайларға сатып жіберген

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Алматылық қызды жігіті  шымкенттік жеңгетайларға сатып жіберген. Сөйтіп бірнеше ай бойы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлепті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, 27 жастағы Виктория бір жігітпен танысып, оған тұрмысқа шықпақ болады.  Күйеусымақ жігіт оған үйленетінін айтқан. Арада он күн өткен соң Алматыдан алдап алып кетіп, Шымкенттегі танысына пұлдапты. Ал, жеңгетайлар болса  қызды ұрып-соғып, жезөкшелікке мәжбүрлеген. Адам төзгісіз қиындыққа тап болған алматылық тұрғынға амалсыз тән саудасымен айналысуға тура келіпті. Жеңгетайлар тіпті туыстарымен сөйлестірмей, бірнеше ай бойы қинап ұстаған.

Десе де, Викторияға  жергілікті тұрғындар көмек көрсеткен. Оны еркінен тыс келеңсіз жағдайға барып жүргенін байқап қалған жандар дер кезінде полицияға хабар береді. Қазір, өңірдің ішкі істер қызметкерлері жәбірленушіні адам және тән саудасына салғандардың қылмыстық әрекетін  тексеруде. Ал, жігітіне алданып қалған қызбен  әйелдерге құқықтық көмек көрсететін «Сана сезім» орталығының психолог мамандары айналысып жатыр.

Айта кетейік, биылғы жылы аталған орталыққа адам саудасының құрбаны болған тағы 8 әйел мен 4 бала көмек сұрап келіпті . Оларға орталық мамандары құқықтық кеңес беріп, оңалту жұмыстарын жүргізуде.