Алматылық Нұртуған Ақмырзаев «Жыл доноры» атанды (ФОТО)

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Республикалық қан орталығында лейкемия дертіне шалдыққан балалар үшін қан тапсыру шарасы өтті.

«Донор, сенің күнің!» атты акцияның ұраны «Ересек болуға мүмкіндік бер - донор бол» деп аталады. Ол биыл осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.

Осы жылдар ішінде акция өзінің тиімділігін көрсетті. Оған әр жылдары тек қарапайым қазақстандықтар ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары, спортшылар да қатысты.  

Ол жыл сайын 18 мамыр мен 14 маусым аралығында өткізіледі. Осы мерзім ішінде барлық ниет білдірушілер және тұрақты донорлар қан тапсырады. Ал тапсырылған қан ақ қан дертіне шалдыққан балаларды емдеу үшін Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына тапсырылады.  

Биыл, шара аясында тұңғыш рет «Жыл доноры» жүлдесі тағайындалған болатын. Алматы қаласының 29 жастағы тұрғыны Нұртуған Ақмырзаев оның алғашқы иегері атанды. 

«Мен саламатты өмір салтын ұстанамын. Темекі шекпеймін, арақ ішпеймін. Спортпен айналысамын. Мен қан тапсыруды 2007 жылы бастадым. Осы күнге дейін қанша қан тапсырғанымды білмеймін. Әр тапсырғанда 500 мл. тапсырамын. Бірақ, тек қан емес, дәрігерлердің сұрауы бойынша плазма, тромбоцит тапсырып тұрамын. Қан тапсыру мен үшін әдетке айналған. Әр екі ай сайын тапсырып тұрамын. Тапсырмасам мазасыздана бастаймын. Менің інім де донор. Барлық азаматтарды қан тапсыруға шақырамын. Бұл қауіпсіз әрі пайдалы», - деді Н. Ақмырзаев. 

Шараның арнайы қонағы ретінде қан тапсыру саны бойынша әлемдегі екінші рекордшы-донор - Алматы қаласының тұрғыны Александр Скаковский шақырылды. Ол күні бүгінге дейін 1038 рет қан тапсырыпты. Тапсырған қанының мөлшері күні бүгінге дейін 520 литрден асқан. Биыл 69 жасқа толған Александр Николаевич апта сайын қан тапсырады. Айта кетелік, қазір қан тапсыру бойынша әлем бойынша рекордсмен донор австралиялық Джеймс Харрисон екен. Ол биыл 81 жасқа толған. Қан тапсыру өтілі - 63 жыл. Ал Александр Николаевич болса 1971 жылдан бері донор.        

Бүгін донорлар арасында белгілі тұлғалар да болды. Әнші Индира Елемесова бүгінгі акцияға бірінші рет қатысты. Ол енді тұрақты түрде қан тапсырып тұруға ниет білдірді. 

Республикалық қан орталығы мамандардың айтуынша, Қазақстанда тегін қан берушілердің саны бүгінде 65 пайызға ұлғайды. Жыл сайынға өсім - 3 пайызды құрайды. 2014-2016 жыл аралығында Қазақстанда тегін донорлардың саны 216 000 адамнан 226 910 адамға артқан.