Алматылық оқушы халықаралық «Прага бояулары» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

None
/strong>Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан /- Алматы қаласының жас пианисі Рахат-Би Абдысағын халықаралық «Прага бояулары» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

М.Төлебаев атындағы №5-ші музыка мектебі мен №159-шы гимназияның оқушысы жас өнерпаз Абайдың "Көзімнің қарасы" және И. Берковичтің «Концерт №2» шығармасын орындаған. Оның жетекшісі Ирина Вихновская.

Сонымен қатар, бұл байқауда №83-ші мектеп-гимназияның «Аспан» атты хореографиялық ансамблінің жас бишілері өз өнерлерін лайықты көрсете біліп, ансамблдің ортаншы тобы «Парсы биі» байқауында екінші орын алса, ересектер тобы үшінші орынды иеленген. Ал, «Венгр биін» жақсы орындаған ансамблдің жігіттері екінші дәрежелі диплом алды. Ұжымның жетекшілері Асқар Ниязбеков, Людмила Курлыкова мен Елена Сухецкая.

Чехия астанасында шілденің 1-і мен 7-сі аралығында өткен балалар және жасөспірімдер шығармашылық байқау-фестиваліне әр елден келген 250 бала қатысты. "Фестиваль әр елдің балаларының басын қоса алатын, олардың бәріне түсінікті мәдениет және шығармашылық тілінде оқуға, сөйлеуге мүмкіндік беретін мереке ретінде ойластырылған. Біз өз елімізде Қазақстан Республикасынан келген шығармашылық ұжымдарды қабылдағанымызға қуаныштымыз", деді фестивальдің директоры Анастасия Власова.

Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде Алматы мен Астана қалаларынан Прагаға 200-ден аса жас әртістер келіп кеткен. " Pitagross компаниясы жылына жеті түрлі жанрда байқаулар өткізіп тұрады. Жылдан жылға Қазақстан ұжымдарына деген қызығушылығымыз артуда. Қазақстанның шығармашылық ұжымдары әрқашан өз елін және мәдениетін лайықты таныстырып келеді", деп атап өткен Анастасия Власова.