Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті кадр саясаты басқармасының басшысы Сәуле Шакалова онлайн брифинг барысында өрт сөндірушілердің еңбекақысы жайында айтты.
Оның айтуынша, өрт сөндірушінің еңбекақысы оның азаматтық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне, сыныптық біліктілігіне және шеніне байланысты есептеледі.
«Мәселен, қазіргі таңда сержант бір жылға дейін орташа мөлшерде 115 мың теңге жалақы алады. Ал азаматтық қорғау органдарында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар, сондай-ақ «бірінші санатты тәлімгер маман» біліктілігі бар өрт сөндіруші 185 мың теңге көлемінде жалақы алады», - деді спикер.
Сондай-ақ, Сәуле Шакалова 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы 65 пайызға көтерілгенін атап өтті.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 20-дан 65 пайызға дейін саралап көбейтілген. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы 65 пайызға көтерілді. 2021 жылы өрт сөндірушілердің жалақысы 10%-ға көтерілсе, биыл бұл пайыздық арақатынас 3%-ға өсті»,- деді Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті кадр саясаты басқармасының басшысы Сәуле Шакалова.