Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бүгін түнгі үштер шамасында Лазарев көшесіндегі жеке үйден өрт шықты. Қызыл жалын үйдің ауласында тұрған көлікті де шарпыды. Үйдің ішінде адамдар болған.
«Бізді полиция қызметкері қақпаны қағып оятты. Орнымыздан атып тұрып, полицеймен бірге көршілерді оятуға кірістік. Тәртіп сақшысы жанып жатқан үйдің терезесін сындырып, ішінен ер адамды алып шықты», – дейді оқиға куәгері.
Полицейдің айтуынша, ол сол уақытта аудандық ішкі істер басқармасына бара жатқан.
«Мен Лазарев көшесімен келе жатып, №79 үйдің шатырының астынан жалын шығып жатқанын көрдім. Алдымен, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын оятып, оларды топтастырып, қауіпсіз жерде қалуларын сұрадым. Көршісінің ауласы арқылы жанып жатқан үйдің ауласына кірдім. Үйдің терезесін сындырып, сол терезе арқылы қарияны шығарып алдым. Кейін оны жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдым. Өрт толық оқшауланғанға дейін өзім сол жерде болдым», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бектемір Қауынбаев.
Өрт кезінде, үйде 71 жастағы ер адам, оның 33 жастағы өгей баласы және 15 жастағы немересі болғандығы анықталды. Өкінішке орай, жасөспірім мен оның ағасы мерт болды. Зейнеткердің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.