Алматылық полицейлер суицидтің алдын алды
Алматылық полицейлер WhatsApp мессенжеріне келген хабарлама арқылы суицидтің алдын алды. Пәтерлердің бірінде суицид туралы хабарлама учаскелік инспекторға келіп түскен.
Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріковтың айтуынша, хабарламаны өзіне қол салмақ болған адам жіберген.
Хабарламада көрсетілген мекенжай бойынша дереу жеткен қызметкерлерге пәтердің есігін ешкім ашпаған. Учаскелік инспекторлар пәтерге терезеден кіруге мәжбүр болды.
Ер адам арқаннан ілмек жасап, өзіне қол жұмсамақ болған.
Онымен әңгімелесу барысында инспекторлар депрессиялық көңіл-күйді және денсаулығының сыр бергенін байқады.
Оқиға орнына дәрігерлер шақырылды, олар ер адамды одан әрі тексеру үшін алып кетті.
«Сондықтан учаскелік полицейлердің телефон нөмірлерін білу өте маңызды. Менің Facebook желісіндегі парақшамда пайдаланушылар біздің ауданның учаскелік полиция инспекторларының барлық байланыс деректерін көре алады. Азаматтар кез келген уақытта олардан көмек сұрай алады», – дейді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.