Алматылық полиция қызметкерлері Наурыз мерекесіне орай күшейтілген тәртіпке көшті

АЛМАТЫ. 20 наурыз. ҚазАқпарат  - Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы қаласында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Наурыздың 19-ынан бастап алматылық  полицейлер күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаруда.

Қалада тәртіпті қадағалауға бағытталған жедел алдын-алу шаралары басталды. 

25 наурызға дейін  қоғамдық тәртіпті 2 мыңнан аса ішкі істер қызметкері қадағалайтын болады. Наурыз мерекесі қарсаңында қалада қылмысты болдырмау және оның алдын алуға бағытталған шараларға, сондай-ақ, 300 автокөлік, ІІД қызметкерлерінің барлық құрамы,  ішкі әскер бөлімінен 720 сарбаз жұмылдырылған. Қазіргі уақытта  патрульдік қызметтің бағыттары бекітілген. 

«Қалаға кіре беріс бекеттерінде автокөліктердің есірткі тасымалдау немесе жарылғыш заттарды өткізбес үшін арнайы қадағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала бойынша жеті пост қойылды.   Сауда орындарында, қара базарлар мен вокзалдарда жедел-іздеу шаралары ұйымдастырылуда. Ерекше назар көше қылмыстарына, жол қауіпсіздігі мен балалардың қауіпсіздіктеріне аударылатын болады. Мереке күндері шаралар өтетін орындар да ерекше назарға алынып, күзеттер қойылады», - деді Алматы қаласының ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Серік Кененбаев.