Алматылық полиция қызметкерлеріне 159 жаңа автокөлік берілді

АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қалалық ІІД қызметкерлеріне 159 жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.

Mitsubishi Lancer, Daewoo Nexia, SsangYong Kyron, ГАЗель автокөліктері жол полициясы, патрульдік және ІІД-нің кезекші бөлімдері жұмысына пайдаланылады. Қала әкімі шара барысында Елбасының Алматыны дамыту туралы тапсырмасының ішіндегі негізгі бағыттың бірі - қылмыспен күрес екендігін атап өтті. «Мемлекет басшысы ҚР ІІМ мен Алматы қаласы ІІД-іне қылмыспен күресті дамыту, қылмыстың алдын алу, сондай-ақ біздің қаланың қауіпсіз болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Қауіпсіз қала - бұл экономиканың дамуы, табыстың және тұрғындардың өмір сүру деңгейінің артуы. Бұл өте үлкен әрі маңызды тапсырма. Біз барлық күшімізбен қалада қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруымыз керек», - деді А.Есімов.

Ол сондай-ақ жыл сайын ІІД-іне бөлінетін қаржының ұлғайып келе жатқандығын жеткізді. 2007 жылмен салыстырғанда биыл бөлінген қаржы 80 пайызға ұлғайып, 8,7 млрд. теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға өскен. «Енді сіздердің мақсаттарыңыз қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Күндіз-түні жұмыс істеп, осы қиын да, маңызды тапсырманы жүзеге асыру», - деді қала әкімі автокөлік кілттерін тапсырып тұрып.