Алматылық студенттер ҚР Президенті оқыған мектепте болды
Ең үздік оқитын әрі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын жетпістен астам студент тарихи-өлкетану музейін аралап, ондағы қойылған жәдігерлердің тарихымен танысты. Музей орналасқан бұл ғимаратта кезінде Абай атындағы мектеп орналасқан болатын. Елбасы Н. Назарбаев 1957 жылы осы оқу орнын тамамдаған.
«Қазіргі таңда бұл Қазақстан Президентінің балалық шағына қатысты сақталған аздаған ғимараттардың бірі. 1999 жылы осы музейде 465 жәдігер болатын. Қазір олардың саны 2 мыңнан асты. Олардың ішінде Нұрсұлтан Әбішұлының өзі сыйлаған құнды экспонаттар да бар», - деді экскурсия барысында музей директоры Мария Қожанова.
Сондай-ақ, студенттер Елбасының сыныптастарымен және оның мектептегі оқытушыларының бірі Сейітхан Исаевпен естелікке суретке түсті. Сейітхан ақсақал Президенттің жасөспірім шағына қатысты қызықты деректер келтірді.
«Н. Назарбаев мектепте жақсы оқыды. Барлық үйірмелерге, спорттық шараларға қатысатын. Сол кезде-ақ, жастардың көшбасшысы болып жүрді. Байсалды, парасатты болатын. Ол шынында да жастар үлгі тұтарлық тұлға», - деді сыныптасы Рая Сиразитдинова.
Бүгінгі шараны ұйымдастырушылар - «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының өкілдері атап өткендей, бұл музейге келу - студенттердің жадында өмір-бақи сақталады.
«Алматыдағы жоғары оқу орындарына жастар Қазақстанның барлық өңірінен келіп оқиды. Олар үшін осы музейді келіп аралау, Елбасы отырған партаға отыру, осының барлығы олардың бойында отанға деген патриоттық рух қалыптастырады және оқуға деген ынта-ықыластарын арттырады», - деді Алматы қаласы бойынша «Жас Отан» ұйымының төрағасы Арман Қалбеков.