Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Отбасы институты» жобасы аясында Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері үшін ZOOM платформасында отбасын құру, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша онлайн дәрістер мен онлайн семинар тренингтер ұйымдастырылды.
«Менің болашақ отбасым», «репродуктивті денсаулық», «экономика және отбасылық бюджет» тақырыптарында дәрістер мен семинарларды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отбасылық құндылықтарды зерттеу орталығының директоры, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Майра Кабакова өткізді.
Онлайн семинар тренингтерге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, «Тұран» университеті, «Қайнар» академиясы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы, С.Асфендияров атындағы медицина университеті, «Нархоз» университеті, Еуразиялық технологиялық университетінен 500-ден астам студент қатысты.
«Отбасылық өмір - бұл үлкен шығармашылық жоба! Егер осы маңызды жоба шеңберіндегі қызмет пен қарым - қатынас ләззат сыйласа, қуаныш сыйласа, онда сіз бақытты адамсыз», - деді қалалық Жастар мен отбасын тұрақты дамыту бөлімінің басшысы Орынбасар Құдайбергенов.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының қолдау білдірген «Отбасы институты» жобасының мақсаты - Алматы қаласында отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Әлеуметтік тапсырысты тікелей жүзеге асырумен «Зор Рух»қайырымдылық қоры айналысады.
Жоба әлеуметтік қорғау жүйесінде отбасылық-бағдарланған тәсілді дамытуға, отбасы институтын нығайтуға және тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына бағытталған. Оның аясында Алматы қаласында отбасы институтын нығайтуға және отбасы мүшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты психологиялық, құқықтық, білім беру және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсетіледі.