Алматылық тұрғындар өзенге кәріз суы құйылып жатқанына шағымданды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Жарбұлақ өзеніне кәріз суы құйылып жатқанына шағымданды. Бұл жағдайға қатысты әкімдік тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су арнасының ластануына алаңдаған тұрғындар әлеуметтік желіге бірнеше күн бұрын видео жариялап , тиісті мекемелерден көмек сұраған еді

«Кәріз суының қалдықтары Жарбұлақ өзеніне төгіледі. Әкімдік қызметкерлері келіп «бұл кәріз суы емес»,- дейді. Олай болса, бұл не су? Далада ауа температурасы нөлден төмен», - деп ашуланды Алматы тұрғыны.

Медеу ауданының әкімдігі экология бөлімі қызметкерлері мен аудандық табиғатты қорғау полициясы жоғарыда аталған Шухова көшесі № 3 мекенжайға барды деп жауап берді.

«Зерттеу нәтижелері бойынша, бірінші су өткізбейтін қабатта орналасқан жерасты суларының ағып жатқандығы анықталды», - деп түсіндірді әкімдіктен.