"Алматылық" волейболшылар Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасында Қазақстан чемпионатының 4-ші тур ойындарында жеңіліссіз келе жатыр

АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан Атырауда өтіп жатқан Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 4-ші тур ойындарында "Алматы" командасы турнир кестесінде көш бастап келе жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарт.

Ақпанның 9-ында басталған 4-ші турдың бұл ойындары алдағы сейсенбіде аяқталады. Онда Алматының "Алматы" командасы 4 кездесуде де мерейі үстем болды. Олар келесі кездесуін ертең Орал қаласының "Конденсатымен" өткізеді. Одан кейінгі ойын Петропавлдың "Есіл" және Алматының "ЦСКА-Алматы" волейболшыларымен болады. Қаңтардың 18-інде Петропавлда аяқталған 3-ші турдың қорытындысында турнир кестесінде "Алматы" - бірінші, "Қазхром" (Хромтау) - екінші, "Атырау" үшінші орын алған болатын. "Алматылықтар" енді алдағы 3 кездесуді сәтті өткізсе, 4-ші турдың қорытындысында көшбасшылығын сақтап қалуына толық мүмкіндігі бар.