Алматылық жастар болашаққа нық сеніммен қарайды

АЛМАТЫ. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Жастар ел бірлігін басты байлық деп санайды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Жастар болашаққа нық сеніммен!» деп аталатын алқалы жиында айтылды.

 ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру - Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Жолдауын насихаттау мақсатындағы бұл шараны «Жас Отан» жастар қанаты мен «Заңғар» шығармашылық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды. Қалалық оқушылар сарайында болған мәжіліске 700-ге жуық белсенді мектеп оқушылары мен  ұстаздар қатысып, Жолдаудың басты бағыттары туралы пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

«Мемлекет тарапынан отандық мәдениетті дамытудағы үлкен үлестері үшін ҚР Президентінің жастарға арнайы тағайындалған мемлекеттік стипендиясы жастарға деген нық сенімді айқындатады. Мәдениеттегі, соның ішіндегі 18 жаңа театрдың, 220-дан астам мұражай және 870-тен аса жаңа кітапхананың ашылуы, отандық киноға бөлініп жатқан және өндіріліп отырған қаражат,  бәрі де оң нәтижесін көрсетуде», - деді «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрайымы,  Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Гүлбағда Көбеева. Ал «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі Ақбаян Сапарбаева Жамбыл облысына қарасты Сарыкемер ауылында тұратын Бисалиевтер отбасын мысалға келтіріп, бұл Жолдаудағы әлеуметтік салаға басты назарға  аударылғанын ерекше атап өтті.