Жобаны ЖОО студенттері мен жастар ұйымдары ұйымдастырды.
«Балалар үйі, қоғамдық қорлар, көп балалы отбасылардан бөлек биыл балалар хосписі, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін балабақшалар қосылды», - деді Charity Wish Tree жобасының ұйымдастырушысы Азамат Қадырбек.
Былтыр 1 200 баланың жаңа жыл шыршасына ілінген тілегі орындалған болатын.
«Аяла» қайырымдылық қорының шыршасында 500 хат ілініп тұр. Кез-келген адам ол хатты ашып оқып, баланың арман-тілегін орындай алады. 5 жылдан бері жалғасып келе жатқан жобаның арқасында 2 мыңға жуық бала сыйлық алды.
Ал Талғар қаласындағы «Нұр» балалар үйінің 46 тәрбиеленушісінің хаты академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-ағарту орталығы жанындағы шыршада ілініп тұр.
«Біз интернетте балалардың арман-тілегін жарияладық. 1 айдың көлемінде сыйлықтарды жинап, пошта арқылы жан-жақтан келетін сәлемдемелерді айдың ортасына таман тапсыратын боламыз. Арман шыршасы 7 жылда 200 баланың арманын орындады», - деді академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-ағарту орталығының бағдарламалар бойынша үйлестірушісі Григорий Ли.