Алматылықтар 14,9 млрд теңгенің дәрісін тегін алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биылғы жылдың 9 айында Алматы тұрғындарына 14,9 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі бері пациенттер бағасы көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін қызметтерді белсенді түрде пайдаланып келеді. Соның ішінде медициналық қызмет көлемі ғана емес, сырқат түрлеріне қарай берілетін дәрі-дәрмек саны да бұрынғыдан бірнеше есе артты.

Бүгінде МӘМС және тегін медициналық көмек пакеттері шеңберінде 126 түрлі дерт бойынша тегін дәрі-дәрмек беріледі. Оның ішінде коронавирус инфекциясы да бар.

«Жалпы, 2021 жылы қос пакет шеңберінде Алматы қаласы бойынша пациенттерді амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 19 млрд теңге бөлінген», - деді филиал басшысы.

Диспансерлік есепте тұрған Қазақстан азаматтары, ықтиярхаты бар шетел азаматтары 47 түрлі ауру бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

Тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент диспансерлік есепте немесе тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған маманға тіркелуі керек. 18 жасқа дейінгі балалар дәрігердің диагнозымен дәрі-дәрмектер ала алады.