Алматылықтар Астана күні елордалықтарға ХХІ ғасырдың инновациялық «Номад» киіз үйін тарту етеді

АЛМАТЫ. 5 шілде. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Абай» алаңында ХХІ ғасырдың инновациялық «Номад» киіз үйінің таныстырылу рәсімі өтті.

 Оны елордалықтарға алматылықтардың атынан шаһар басшысы Ахметжан Есімов Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке сыйлық ретінде тапсырады. Жобаның ынталы бастамашысы «DNK» брендтік бюросы, ал бас серіктесі «Астана» зейнетақы жинақтау қоры болып отыр. Ноу-хау киіз үйдің дизайнері - Бекет Мүсірепов. Оның айтуынша, «Номад» - жаңа буындағы киіз үй. Озық техникалық және ақпаратттық технологиялармен жабдықталған. Оның ішінде  спутникті теледидар мен  ғаламторға шығуға арналған  қажетті жабдықтары бар киіз үй ең алдымен құтқарушылар және дала жағдайында жұмыс істейтін  археологтар, геологтар үшін аса қажет баспана болмақ. Тез бөлшектеліп, тез жиналатын және аз орын алатын киіз үй автомобильдің жүк салғышына еркін сыйып, оңай тасымалданады. Онда күн энергиясын пайдаланып, жылы еден мен жылуды, жарықты, мұздатқыш және электр плитасын  күн батараеясы қуатымен қамтамасыз етеді.

«Алюминийден жасалған қаңқасы құрылымның тасымалдануы мен жиналуын жеңілдетеді. Қазіргі заманғы аралас маталардан жасалған әрлеуі - экологиялық жағынан таза, өртке төзімді, температураның күрт ауытқуларына төтеп беруге қабілетті», - дейді Б. Мүсірепов.