Алматылықтар бұл сайлауда бұрын-соңды болмаған жоғары белсенділік көрсетті -Сайлау комиссиясының төрағасы

АЛМАТЫ. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына алматылықтардың 68,5 пайызы қатысты.

Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен «Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауының қорытындылары» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды.

«Алматыда ешқашан сайлауға дауыс беру кезінде белсенділік болған жоқ. Ол сайлауалды науқанмен ғана ерекшеленетін. Алматылықтар бұл сайлауда бұрын-соңды болмаған жоғары белсенділік көрсетті. Мәселен 2005 жылғы сайлауға сайлаушылардың 53,1 пайызы қатысып, 439 мың адам дауыс берсе, биыл 68,5 пайызы немесе 693 мың адам сайлауға қатысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына олардың 2005 жылы 389 мыңы, ал 2011 жылы 643 мыңы дауыс берді», - дейді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жүнісов. Қоғамда әдетте экономика бірінші, саясат екінші болу керек деген сөз жиі айтылады. Ол бұл сайлауда да айқын көрінді. Ә. Мәуленұлының айтуынша, 2005 жылы Алатау ауданындағы Шаңырақ оқиғасына байланысты дауыс берушілер саны онда аз болған еді. Биыл бұл аудан қаладағы ең белсенді дауыс бергендердің бірі болды. Қазір қалада жалпы жұмыссыздардың үлесі 4 пайызды құрайды. Бұл дағдарыстан шыққанымыздың нақты көрінісі.