Алматылықтар елдің Ұлы мерекесін Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қоюдан бастады

АЛМАТЫ. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда мемлекеттік атқару органдары, қоғамдық, саяси және жастар ұйымдарының өкілдері ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеуді жаңа алаңдағы Тәуелсіздік монументінен бастады.

Олар  азаттық жолында құрбан болған боздақтардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

  «Бүгін егемен ел болғанымызға  21 жыл толды. Әр мемлекеттің өсуі үшін, халқымыздың дамуы үшін ең алдымен азатық пен ғылым-білім және мәдениет  қажет. Құдайға шүкір, осы салалардың бәрі Қазақстан көлемінде қазір дамып жатыр. Осыған  шүкірлік етейік. Әрдайым тыныштық, береке, ынтымақ-бірлік болсын, еліміздің шетінде жау, ішінде  дау болмасын», - дейді Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР ҰҒА Академигі Еренғайып Шайхутдинов. Ал қала әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың айтуынша, Алматыда Тәуелсіздік күні қарсаңында барлық мекемелерде түрлі шаралар өтті. Енді мұндай мерекелік бағдарламалар бүгін театрлар мен  концерттік алаңдарда өз жалғасын табады.  Сондай-ақ 2011 жылы Жаңаөзен қаласында болған қайғылы оқиғаға байланысты ас беріледі.