Алматылықтар ертеңнен бастап менингококк жұқпасына қарсы екпе ала алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы емханаларына менингококк жұқпасына қарсы екпе жеткізілді. Ертеңнен бастап кез келген адам 3 жекеменшік емханада екпе алуға мүмкіндік алды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екпе қалаға жеткізілді. Ертеңнен бастап 3 жекеменшік емханада сатыла бастайды. Бағасы жайлы айта алмаймын», - деді Айзат Молдақасымова.

Департамент басшысының айтуынша, қазіргі таңда Алматыда аурудың бәсеңдегені байқалады.

«Медициналық мекемелерге 31 адам жүгінген. 25 адамда жұқпа бар екені зертханалық тұрғыда расталды. 6 адамға клиникалық тұрғыдан диагноз қойылды. Қазір аурудың бәсеңдегені байқалады. Дәрігерлерге келушілердің қатары сиреді. Сондықтан, карантин жариялауға қажеттілік жоқ», - деді А.Молдақасымова.

Айта кетер болсақ, соңғы 2 аптада Алматыда дəрігерлерге 57 адам жүгінген. Оның 29-ында диагноз расталды. Менингококк жұқпасынан төрт адам қайтыс болды. Олар: ер адам, әйел адам, бір студент және 5 жасар бала.

Сондай-ақ, Алматы облысында 2 адамның көз жұмғаны белгілі болды.