Алматылықтар футболдан Әлем кубогымен суретке түсе алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Футболдан Әлем чемпионатының бас жүлдесі Алматыға осымен екінші рет әкелініп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мұндай шаралар балалар мен жастар үшін өте маңызды. 2010 жылы Әлем кубогы Алматыға алғаш рет әкелінгеннен кейін мыңдаған бала футбол мектептеріне бара бастаған еді», - дейді қонақтарды қарсы алған ҚФФ президенті Сейілда Байшақов. 
 

6 кг алтыннан құйылған трофейдің оңтүстік астанаға әкелінуі үлкен мерекеге айналды. Алматылықтар мен қала қонақтары 19:00-ге дейін Mega Alma-Ata-да Әлем кубогымен суретке түсуіне болады.

ФИФА-ның арнаулы өкілі ретінде келген Әлем кубогы елшісі, 1998 жылғы әлем чемпионы, франциялық футболшы Кристиан Карамбё Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін айтты.
 

Шри-Ланкадан саяхатқа шыққан Әлем кубогы бұған дейін жаһанның 9 қаласында болды. Бұған дейін Пәкістанда болған Кубок ертең Бішкекке аттанады.

Еске сала кетейік, Кубокты алып жүрген ФИФА делегациясы Алматыға қолайсыз ауа райына байланысты кешеуілдеп жетті.
 

https://kaz.inform.kz/news/almatyga-futboldan-alem-chempionatynyn-altyn-kubogy-akelindi_a3143018