Алматылықтар Қазпошта бөлімшелеріндегі кезекке шағымданды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Қазпошта бөлімшелеріндегі кезекке шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылықтар ҚазАқпарат редакциясына «Қазпошта» бөлімшелеріндегі үлкен кезекке шағымданды.
Солардың бірі «Нуркент» шағын ауданының тұрғыны Жазира Ыдырысова.
«Мен пошта қызметін жиі қолданатын тұтынушыларының бірімін. Екі аптада бір рет Нұр-Сұлтан қаласына құжат жіберуім керек. Қашан келсем де ұзын- сонар кезек. Әсіресе, түскі сағат 11-ден кейін хат пен сәлемдеме жөнелту мүмкін емес. Маған Алатау ауданына қарасты «Нұркент» шағын ауданындағы № 38 пошта бөлімшесі жақын. Сондықтан осында келемін. Бір ғана терезе жұмыс істейді. Мамандар физикалық тұрғыда қызмет көрсетіп үлгермейді», - деп шағымданды алматылық Жазира Ыдырысова.
«Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі мәселеге қатысты түсініктеме берді.
«Алатау ауданындағы № 38 бөлімшеде әдетте кезек болмайды. Қазіргі таңда оператордың екі орны бос тұр. Залда 4 адам жұмыс істейді. Жалпы Алматыда филиалдарда бос жұмыс орындары бар. Оның үстіне көптеген қызметкерлер денсаулығына байланысты демалысқа шықты»,- деп хабарлады Қазпоштаның баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, қазір операторлар, пошташылар, курьерлер мен инкассаторлар үшін бос жұмыс орындары бар.
Айта кетейік, Алматыда «Қазпошта» АҚ-ның 67 бөлімшесі бар, онда 670 қызметкер жұмыс істейді.
«Биылғы жылдың 1 ақпаннан бастап «Қазпошта» АҚ қызметкерлерінің жалақысы 93,5%-ға өсті. Компания пошташылардың, операторлардың, жүргізушілердің, экспедиторлардың және басқа да өндірістік қызметкерлердің жалақысын индексациялады»,- деп атап өтті Қазпошта баспасөз қызметі.