Алматылықтар «Кеңсай» зиратын кеңейтуге қарсы шықты

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар қаланың әсем жерлеріне зират салынуына наразылығын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Желіге видео жүктеген қала тұрғыны «Кеңсай» зиратының аумағы кеңейтіліп жатқанын және аумақтың бір бөлігі қоршаумен қоршалғанын айтты.

Ол сондай-ақ зират салынатын төбелерде Қызыл кітаптағы өсімдіктер өсетінін атап өтті.

Мән-жайды анықтау үшін ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы әкімдігіне ресми сауал жолдаған еді.

Әкімдіктің берген жауабына сәйкес, Алматы қаласы әкімінің 2014 жылғы 15 қазандағы №4/805-4519 қаулысына сәйкес, «Думан» ықшам ауданының оңтүстігі, «Кеңсай» зиратының шығысы мекенжайында аралас үлгідегі зиратты ұйымдастыру үшін ауданы 92,08 га учаске бөлінген.

Бүгінгі таңда зират инфрақұрылымының құрылысы толық аяқталды (кіреберіс жолдар, әкімшілік ғимарат, қоршау), құрылыс жұмыстары 2018 жылы жүргізілген.

«Жобаға сәйкес, учаскенің жалпы аумағынан 28-32 га марқұмдарды жерлеуге арналған, ал қалған 60 га жасыл желектерге арналған зираттың санитарлық аймағы болып табылады», - делінеді әкімдіктің берген жауабында.