Алматылықтар құрамында сынап бар қауіпті заттарды қайда өткізе алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда қала тұрғындары қауіпті медициналық қалдықтарды қайда тапсыра алады? Бұл сауалға өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық экология департаментінің өкілі Нұржан Бөлекбаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, қауіпті қалдықтарды жою аясында қалада тұрғындардан құрамында сынап бар шамдарды және аспаптарды жинау бойынша пилоттық жоба іске асты.

10 учаскеде арнайы контейнерлер орнатылған.

«Былтыр тұрғындардан және келісімшарт бойынша заңды тұлғалардан құрамында сынап бар 12,756 тонна аспаптар мен бұйымдар жиналып, қайта өңделді. Айта кетейін, «Сынап плюс» ЖШС өз қызметін белгісіз мерзімге тоқтатты. Аталған кәсіпорындардан басқа, Алматы қаласының аумағында пайдаланылған электрондық аспаптар мен жабдықтардағы құрамында сынап бар қалдықтарды жинаумен үш компания айналысады», - деді Алматы қаласы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Нұржан Бөлекбаев.

Айтуынша, қалада медициналық қалдықтарды өңдеумен «Эгида» ЖШС және «УтилМедстрой» ЖШС сияқты мамандандырылған кәсіпорындар айналысады.