Алматылықтар медициналық сақтандыру қорына 139 млрд теңге аударды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - МӘМС жүйесі енгізілген уақыттан бастап Медициналық сақтандыру қорына 753,4 млрд теңге түсті.

Бұл туралы онлайн брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымының Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 31 тамызына дейінгі аралықта алматылықтар Медициналық сақтандыру қорына 139 млрд теңгеден астам жарна аударған.

«Оның 97,8 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің жасаған аударымдары. Қалған 41,2 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндердің жарнасы»,- деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымының Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен қатар ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу тиімдірек екенін жеткізді.

«Қазіргі таңда қала тұрғындары үшін БЖТ көлемі 2917 теңгеге тең, оның 40% немесе 1166 теңгесі МӘМС жарнасына жұмсалады. 2019 жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған 202 мыңнан астам адам 524,6 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген»,-дейді спикер.