Алматылықтар меломан жаяу жүргіншілердің өмірін сақтап қалатын қосымша шығарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық өнертапқыштар құлаққаппен музыка тыңдауға әуес жаяу жүргіншілердің өмірін сақтап қалуға арналған мобильдік қосымша ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары көбеймесе, азаймай отыр. Мәселен, Астанада жыл басынан 170-тен астам жол көлік оқиғасы тіркелген. Жол полициясы қызметкерлерінің айтуынша, зардап шегушілердің айтарлықтай бөлігі құлаққап таққан жастар. Құрылғыны құлағынан шешпейтін олар, көбіне сыртқы дыбысты естімей, соңы қайғылы жағдайға алып келеді. 

Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекованың ақпаратынша, жол апаттарының 81-і жаяу жүргіншілердің кінәсынан болған.

«Жаяу жүргіншілер кей кезде құлақтарына таспа киіп алып, жан-жағына қарамай, жолды кесіп өтеді. Жүзден астам жаяу жүргінші дене жарақатын алған. Оның ішінде 11-і өкінішке қарай, көз жұмды. Теміржол өтпелерінен байқап өту керек. Өйткені автокөлікке қарағанда теміржол көлігі өте қауіпті, тез тоқтай алмайтын құрал деп саналады», - деді С.Қылышбекова.

Құлаққап таққан меломандарды көшеде апаттардан сақтау мақсатында алматылық жас өнертапқыштар «Safe and Sound» қосымшасын ойлап тапты. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жәңгір Сиранов пен Жәнібек Манабаев өз инновацияларын жуырда Астанада өткен Ұлттық робототехника Олимпиадасында таныстырып, жүлделі орыннан көрінді. Олардың айтуынша, әлемде баламасы жоқ мобильдік бағдарлама біраз адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.  

«Жоба туралы идея құлаққап таққан қызды автобус қағып кеткені туралы жаға ұстатарлық видеоны көргеннен кейін пайда болды. Артынша жол апатының алдын алуға арналған осындай қосымшаны 3 ай ішінде ойлап таптық», - дейді жоба авторларының бірі Жәңгір Сиранов.

Жәңгірдің әріптесі Жәнібектің айтуынша, бүгінде мобильдік қосымша жан-жақты тестіленіп, жетілдірілуде. Ол әртүрлі климаттық жағдайларда сынақтан өткізілмек.

Атап өтілгендей, қосымшаны әр қолданушы өзі пайдаланатын құлаққап баптаулары бойынша орнатуы керек. Мобильдік қосымша әуенді бар дауысында тыңдап келе жатқан адамға өзіне қарай жүйіткіген көлікті туралы бірден белгі береді. Яғни «Сейф энд саунд» қосымшасы смартфонның дыбыс зорайтқышын автоматты түрде басып тастайды.

Қосымша алдағы 2-3 айдың  көлемінде баршаға қолжетімді болады деп жоспарлануда.