Алматылықтар мұқтаж жандарға артық киімдерін тапсырып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға киім жинау шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматының халық көп жиналатын орындарында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін киімдер мен аяқ киімдер жинауға арналған арнайы белгісі бар қораптар қойылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның негізгі мақсаты - мұқтаж адамдарға көмектесу. Ол үшін арнайы белгіленген қораптар қойылды. Оған қала тұрғындары қалдырып кеткен киімдер сұрыпталып, жуылып, үтіктелгеннен кейін ғана әлеуметтік қамту орталықтарына жіберіледі. Ол жерден асыраушысынан айырылған балалар мен жасөспірімдерге және аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіру үшін арнайы ұйымдарға жіберіледі.

«Қайырымдылық дүкені деген бар, онда танымал тұлғалардың тұрмыстық бұйымдары мен киімдері сатылып, одан түскен қаржы мұқтаж жандарға беріледі», - дейді ұйымдастырушылар. Ал, аталған қайырымдылық акциясының басты ерекшелігі арнайы қораптарға адамдардың жеке заттары, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек, азық-түліктері алынбайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция аясында қазіргі уақытта 70 отбасына көмек көрсетілген.