Алматылықтар Спорт күнін атап өтті

Фото: None
 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Спорт күніне арналған мерекелік шара өтті. Спорт саласының дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 
Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев халықаралық және республикалық додаларда Алматының намысын қорғайтын спортшылар мен еңбегі сіңген бапкерлерді, осы саланың дамуына белсенді ат салысып жүрген БАҚ өкілдерін құттықтап, алғыс хатпен марапаттады.

«Құрметті спортсүйер қауым, сіздерді спорт мерекесімен құттықтаймын! Қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануына, спортшыларымыздың жаңа белестерді бағындыруына қосқан үлестеріңізге алғыс айтамыз»,- деп Әбіл Дөңбаев өз құттықтауын жеткізді.
   

Сонымен қатар, ол өткен жарты жылдыққа зер салып, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт саласының дамуын саралап, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылады.
   

«Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады», сондай-ақ, Елбасы өз Жолдауында 2020 жылға дейін Қазақстан xалқының 30%-ын бұқаралық спортқа тарту туралы айтып кеткен болатын. Бүгінде, Алматы қаласының бұл мақсатқа ертерек қол жеткізуге мүмкіндігі баршылық. Өткен жылдың соңында, статистикалық мәліметке сәйкес, дене шынықтыру мен спортпен айналысатындар саны 29 %-ды құрады», - деп атап өтті өз баяндамасында Әбіл Бекетұлы.
   

Мерекелік шараға 800-ге жуық спортшы қатысты. Марапатталған БАҚ өкілдері арасында ҚазАқпарат тілшісі Алмас Мұқашұлы да басқарма басшысының Алғыс хатын иеленді.
 

Соңғы жаңалықтар