Алматылықтар таудағы қоқысты тазалайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бірінші қалалық «Тауды қоқыстан тазалайық» экомарафоны басталды. Тазалық акциясы қараша айына дейін өткізіледі.

Ауқымды іс-шара Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналады.

«Көк аспанмен таласқан шыңдары көз шағылыстыратын таулар - Алматының негізгі бейнесі мен көркі. Ендеше Алматы тауларын тазалыққа келтіруде жүздеген отбасылары мен мыңдаған тұрғындарын жұмылдыруға Бірінші жалпықалалық «Қоқыстарды аулау» марафонының жаңа маусымы қаламызда ашылады. Осы эко-акциясының негізгі мақсаты - таулы аймақтарда демалушылардың назарын Алматы табиғатының ластану мәселелеріне назар аударту және Қазақстанның ең ірі мегаполис тұрғындарының экологиялық мәдениеті мен оған жанашырлығын ояту», - деді «Бауыржан» қайырымдылық қорының өкілі Айнұр Сәлімбаева.

Оның айтуынша, биылғы марафонның ашылуына 10 мың адам қатысады. Ал жарты жыл ішінде тазалыққа үлес қосушылардың саны 30 мыңға жетуі мүмкін.

Айта кету керек, «Бауыржан» қорының бастамасымен Алма-арасан мен Бутаковкада тазалықтың символы ретінде Жорабек есімді екі робот орналастырылды.

Марафонға өтінішті толтырып кез-келген адам қатысады, әрі «Аңшы-марафоншы» атана алады. Тіркеу «Бауыржан» қайырымдылық қорының www.baurzhan.kz ресми сайтында жүргізіледі. Экологиялық белсенділіктің үздік үлгісін көрсеткені үшін ең нәтижелі марафоншы марапатталатын болады.

«Өткен жылы 2 айдың демалыс күндерінде 6 мың демалушы аталған марафонға қатысып, 17 тоннадай қоқыс жинадық. Сонда екі сағаттың ішінде 200 келі қоқыс жиналды. Осыны ескерсек, биыл қарашаға дейін 200 тонна қоқыс жинаймыз деген үміттеміз», - деді А.Сәлімбаева.

Мамандардың айтуынша, Іле Алатау табиғи қорғау паркіндегі 90 пайызы қоқысты қазақстандық демалушылар қалдыратын көрінеді. Тауға келетіндер көбіне пластик, шыны бөтелке, мүшеқап, түрлі құтылар мен тамақ салатын ыдыстарын қалдырып кетеді екен.