Шаһар басшысы күн мен түн теңеліп, қалың қардың көбесі сөгіліп, жылғалардан су ағып, ағаштар бүр жарып, жан-жануар ұйқысынан оянатын бұл кезеңді шығыс халықтары Жаңа жыл деп санайтынын. Ұлыстың ұлы күні "Самарқанның көк тасы да жібиді" деп бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, жылы лебіздерін білдіріп, жақсы тілектер тілейтінін, өздерінің тұрып жатқан үйлерін, аулаларын, көшелерін ретке келтіріп, ізгі ниетпен ағаш отырғызатынын тілге тиек етті. Әсем Алматының көркіне-көрік қосып, ажарын ашатын мұндай шаралар биыл да өз жалғасын таппақ.
«Өткен жылды қала қоғамдық өмірдің барлық саласында зор жетістіктермен қарсы алды. Бұл біздің Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтуімізге жақсы негіз болып отыр. Биылғы Ұлу жылы да құтты, берекелі, табысты болып, баршамызға жақсылық әкелсін», - деді Ахметжан Есімов.
«Наурыз-2012» мерекесінің негізгі шараларын алматылықтар Алатау ауданында - аудандық әкімдіктің алдындағы алаңда, Әуезов ауданында - «Спутник» сауда ойын-сауық кешені маңында, Алмалы ауданында - «Астана» алаңында, Бостандық ауданында - «Атакент» іскерлік орталығында, Жетісу ауданында - «Максима» сауда орталығы мен Айнабұлақта, Медеу ауданынында - Шоқан Уәлиханов алаңында, Түркісіб ауданында - Сейфуллин саябында атап өтуде. Онда театрландырылған қойылымдар мен өнер шеберлерінің концерті қойылып, спорттық ойындар мен жәрмеңкелер өтуде. Кешке меркеелік от шашу беріліп, мереке жастардың би кешіне ұласпақ.