Алматылықтар жас фототілшілердің шебер туындыларымен танысты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қала күні қарсаңында Алматы қаласы Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың тапсырысымен Жастар саясатын дамыту қоры «Менің сүйікті қалам» тақырыбымен фотокөрме ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматы метросының «Байқоңыр» стансасында қала тұрғындары мен қала қонақтары үшін қаланы таныстыруға арналған ерекше форматтағы фото-инсталяция ашылды. Тарихи фотоларды музей қызметкері таныстырады. 
 

Айта кетейік, фотокөрме екі бағыттан тұрады: «Ескі шаһар» және «Бүгінгі Алматы».
 

«Ескі шаһар» фотоларын Алматы музейлері ұсынған. Бұл бөлімде мегаполис тарихы қамтылған: ескі көшелер, тарихи ғимараттар. Музей өкілі келуші қонақтарға әр фотоның, фотодағы нысанның тарихын баяндап береді.
 

Ал, «Бүгінгі Алматы» тақырыбы бойынша топтастырылған бөлімде жастардың қала туралы түсірген суреттері көрсетілген.
 

«Қаламыздағы аула клубтары арасында байқаулар өткізіліп, сонда іріктеліп алынған жастар мен жасөспірімдердің суреттерін фото көрмеге қойып отырмыз. Балалар жолдаған 100-ден аса фотосуреттің ішінен 18-ін іріктеп алдық», - дейді шараны ұйымдастырушылар.
 

Аталған көрме бір апта жалғасады.