Алматылықтар жол жиегіндегі тұраққа көлігін қалдыру үшін ақы талап еткендерді 109 нөміріне хабарлай алады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар 2015 жылдың 1-ші қарашасынан бастап, жол жиегіндегі автотұрақтарға көліктерін қойғандары үшін ақша төлемеулеріне болады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Бұл туралы тиісті шешім 20-шы қазанда Алматы әкімдігінде автотұрақтық инфрақұрылымды дамыту мәселесі бойынша өткен жиында қабылданды», - делінген бүгінгі таратылған хабарламада.

Алматы қаласының автотұрақтық инфрақұрылымын дамыту бойынша әзірленген Кешенді жоспарға сәйкес, 1-ші қарашадан бастап, тротуарлық үлгідегі барлық автотұрақтарда жүргізушілерден төлем алуға тыйым салынады.

Келісімдік міндеттемелерді орындамағандары және салық заңнамасының талаптарын талай рет бұзғандары үшін, осы автотұрақтарды басқаратын ұйымдармен жасалған келісім-шарттардың күші жойылды.

Айта кеткен жөн, бұл тыйым сауда кешендері, ойын-сауық мекемелері, әуежай, вокзал және жеке меншік иелігінде жатқан басқа да жер телімдерінде орналасқан автотұрақтарға қатысы жоқ.

Бұл тыйым салу шарасы Алматы қаласының ақылы автотұрақтарының Бірыңғай жүйесі енгізілгенге дейін, яғни 2016 жылдың мамырына дейін күшінде болады.

Бұдан былай барлық тротуарлық үлгідегі автотұрақтарда төлем талап ету заңсыз болып саналады. Автокөлік жүргізушілері осындай талаптарға тап болған жағдайда Алматы қаласының бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің «109» нөміріне хабарласуларына болады.

Бұдан басқа, жеке қолға автотұрақ жасауға берілген, бірақ жалға алу мерзімі аяқталған, сондай-ақ, игерілмеген немесе мақсатсыз пайдаланылған жер телімдері мемлекет меншігіне қайта алынатын болады.

Қазіргі таңда бұл жер телімдерінде көпдеңгейлі паркингтер жасау мәселесі қаралып жатыр.

Айта кетелік, бұл мәселе алғаш рет «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жасау бойынша Қоғамдық кеңесінің отырысында көтерілген болатын.