Алматылықтар жөнделіп жатқан көшелерді 2GIS арқылы көре алады

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі 2GIS әкімшісімен бірлесіп жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелер туралы жедел хабардар ететін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда магистральдық және аудандық көшелерде жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты мегаполис тұрғындары мен қонақтарын жөнделетін учаскелердің жабылуы, айналып өтудің ықтимал жолдары туралы өзекті ақпарат туралы жедел хабардар ету мақсатында Алматы әкімдігі 2GIS әкімшісімен келісім жасады.

«Жол жұмыстарына байланысты барлық жол жабындылары 2GIS жүйесіне біріктірілген. Қосымшада барлық жабық көшелер мен жол жұмыстары картада көрсетіледі. Ақпарат күн сайын жаңартылып отырады, осылайша қаланың әрбір тұрғыны өз бағытын кідіріссіз жоспарлай алады. Картадағы жабық көшелер қара түспен белгіленеді, сонымен қатар пайдаланушылар «кептеліс» қабаты арқылы жол кептелісін айналып өте алады«, - деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Еске салсақ, биыл Алматыда ұзындығы 200 шақырымнан асатын 230 көшені орташа жөндеу жоспарланған. Өткен жылы 210 көшені жөндеу жүзеге асырылды.

»Жыл сайын кем дегенде 200 шақырым жол жөндеу жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін ағымдағы 86%-дан 89%-ға дейін арттыру үшін қажет«, - деп хабарлады әкімдікте.