Алматылықтарды бүгіннен бастап «Pfizer» вакцинасымен егу басталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Владимир Юсупов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда амбулаториялық-емхана желісіндегі медициналық ұйымдарда, оның ішінде жекеменшік медициналық орталықтарда тіркелген тұрғындарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау жалғасуда. Қазір қалада «КазВак» және «Синофарм» вакциналары қолданылуда. Бүгіннен бастап тұрғындарды «Pfizer» вакцинасымен иммундау жоспарлануда», - деді спикер.

Оның айтуынша, 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап бүгінгі күнге дейін аяқталған вакцинация курсымен 1 млн 221 152 адам қамтылды.

«Бұл 93%-ды құрайды. Қалғандары Қазақстан Республикасынан кеткендіктен екпе алмаған болуы мүмкін. Олардың арасында екінші дозамен вакцинациялау кезінде вакцинацияға қарсы көрсетілімдері барлары да анықталды, яғни жүктілік, жаңадан анықталған аурулар және басқасы»,- деді Владимир Юсупов.

Вакцинацияның толық курсымен 640 069 адам ревакцинацияланды.

«Бүгінгі таңда қаланың медициналық ұйымдарының балансында «QazVac» вакцинасының 7416 дозасы, «SinofarmVeroCell» вакцинасының 5633 дозасы және «Pfizer» вакцинасының 25 740 дозасы бар», - деп түйіндеді ол.