Алматылықтардың 81,1% МӘМС жүйесінде сақтандырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматылықтардың 80%-дан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылды.

Бұл туралы онлайн брифингте Алматы қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы МӘМС аясында 187 медициналық ұйыммен 213,2 млрд теңгеге шарт жасалды. Оның ішінде: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде 117,7 млрд теңге, МӘМС жүйесінде – 95,4 млрд теңге. Сондай-ақ, биыл тағы 12 медициналық ұйым қосылды.

«Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, Алматы қаласының 2 024 989 тұрғынының ішінде сақтандырылған халықтың саны (2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша) 81,1%-ды құрады. Сақтандырылмағандардың саны 382 940 адамды немесе 18,9% құрайды», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Спикер сондай-ақ сақтандырылған тұрғындарға МӘМС әлеуетінің арқасында барлық жоспарлы, қымбат консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімді екенін еске салды.