Алматылықтардың 81 пайызы міндетті медициналық жүйемен сақтандырылған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында мегаполистегі МӘМС жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, сақтандыру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – жұртшылықты сақтандыру мәртебесімен қамтамасыз ету.

Ұлттық экономика министрлігінің 1 ақпандағы мәліметінше, Алматыдағы 1,9 млн тұрғынның 81,5%-ы сақтандырылған.

Қалған 18,5%-ы немесе 389 356 адам сақтандырылмаған.

«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған жұмыстар оң нәтижесін беріп жатыр. Мәселен өткен жылдың 1 тамызында Алматыда сақтандырылмағандардың үлесі 22,6% болса, жыл соңында 15%-ға дейін қысқарған. Алайда бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 18,5%-ға өскен. Құрылымдық жағынан алып қарайтын болсақ, сақтандырылмаған 389 мың адамның 142 909-ы бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші, 100 818-і жұмыскер. Кейбір себеппен олардың атына жаңа жарна аудару тоқтап қалған.15 452-і жеке кәсіпкер, 7 635 адам азаматтық құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істеуші. 2 682 адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші», - деді ол.

Сонымен қатар, ол жарна аударым көлемі МӘМС туралы заңда көрсетілген тәртіп бойынша өзгеріп отыратынын жеткізді.

«Заң бойынша жұмыс берушілер әрбір қызметкер үші өз қалтасынан аударым жасайды.Жұмыс беруші төлейтін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ, қызметкер табысының 2% көлемін аударады. Ол 2017 жылдың 1 шілдесінен – 1%, 2018 жылы – 1,5%, 2020 жылы – 2% деңгейінде болды», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Сондай-ақ ол жұмыс беруші аударымға қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап Қорға аударатынын айтты.

Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс. Яғни ай сайынғы жарна мөлшері 8500 теңгеден жоғары болмауы керек.

Жеке кәсіпкерлердің жарнасы өзгерген жоқ. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%, яғни 2975 теңге төлейді.