Алматылықтардың әлеуметтік мәселелерін шешетін орталық ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат Алматылықтардың әлеуметтік мәселелеріне арналған «Open Almaty» атты қоғамдық қабылдау орны жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Open Almaty»  Алматы әкімдігінің тұрғындарға қызмет көрсету жөніндегі жаңа жобасы.

«Қоғамдық қабылдауға келген әрбір жанға тиісті кеңес беріледі және олар әкімдікке, қала басқармаларына, прокуратураға, полицияға, мемлекеттік кірістер департаментіне және басқаларға жолданған өз өтінішін жеткізе алады», - делінген хабарламада.

Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, жаңа сервис мемлекеттік органдардың жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындар алдында меморгандардың ашық екенін көрсетеді.

Жаңа қалалық сервис арқылы қаланың әрбір тұрғыны немесе қонағы түрлі қызметке қатысты өз ұсынысы мен шағымын қаланың қоғамдық қабылдауына www.open-almaty.kz интернет- порталы немесе 1308 нөмірі бойынша жібере алады.

«Open Almaty» порталы бойынша түрлі өмірлік жағдайларды шешу алгоритмімен қоса қаланың  коммуналды қызмет көрсету орындарының (жол, арық, жылу жүйесін, аула және басқаларын жөндеу) жұмыстарымен танысып, байланыса алады.

Қоғамдық қабылдау фронт-офисте тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызмет, жолаушылар көлігі, табиғи ресурстар мен архитектура басқармалары, қалалық прокуратура, полиция, мемлекеттік кірістер департаменті, ТЖД, ХҚКО, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен медиаторлар қызмет көрсетеді. Басқармалар басшылары қоғамдық қабылдаулар  өткізіп, түрлі бастамаларды таныстыра алады.

Айта  кетерлігі, 2015 жылдың өзінде Алматы әкімдігі қалалықтарға қолайлы болу үшін Инстаграмда аккаунтын ашқан еді. 2 жыл ішінде Инстаграмдағы тұрақты аудитория 150 мың жазылушыға жетті, қалалықтардың 20 мың өтінімі орындалды.

Жаңа сервистің жұмыс кестесі қала тұрғындарының жұмыс уақытын ескере отырып жасалған, қызмет көрсету уақыттары жай күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 10.00-нан 17.00-ге дейін.

Орталықтың мекен жайы: Байзақов көшесі, «Алматы Тауэрс» орталығы.

2018 жылдан бастап, қала басқармалары және коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорындары жөнінде жобаның 2-ші кезегі жүзеге асыру жоспарланған.