Алматылықтарға ағаш көшеттері тегін таратылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда «Жасыл аула» науқаны аясында көшеттерді тарату басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Науқанға қатысу туралы өтініш берген тұрғындарға 2400 жапырақты көшет беріледі.

Биыл жеке және заңды тұлғалардан 191 өтініш келіп түсті. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 50%-ға жоғары.
Айта кетейк, Жасыл экономика басқармасы жыл сайын көктемде және күзде «Жасыл аула» науқанын өткізеді.


Басты мақсат – аулалар мен жалпы қолданыстағы аумақтарды көгалдандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Көпқабатты үйлер ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға ниетті әрбір алматылыққа шаған, үйеңкі, шегіршін, терек, қарағай мен қайыңның көшеттері тегін беріледі.
Науқанға қатысушылар отырғызылған ағаштарды алдағы екі жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қояды. Ағаштарды жақын күндері отырғызып, басқармаға фото есеп жолдау қажет.
Жалпы қала бойынша биыл барлығы 350 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Басты назар Алатау, Жетісу, Түрксіб аудандарына аударылады.