Олар «Stars KZ» тобымен Сиви Махмудидің «Алматы» әнін орындады. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жеңімпаздарға бас жүлде - «Mitsubishi Outlander» көлігінің кілтін табыстады.
Бұнымен қатар, 1,2,3-ші орындардың жеңімпаздары анықталды. Бірінші орынды RIME тобы, екінші орынды Әли Оқапов, үшінші орынды Сабинур атпен белгілі әнші иеленді. Жеңімпаздардың барлығы арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Қала әкімі «Алматым жүрегімде» ән байқауына қатысушылардың барлығын жаңа әндерімен құттықтап, Алматы туралы жаңа әндерді үнемі радио мен телевидение арқылы насихаттау қажеттігін, бұл әндерді тек алматылықтар ғана емес барша қазақстандықтар да сүйсіне тыңдауы тиіс екендігін атап өтті.
Өз кезегінде жас әншілер мұндай шараның жас авторларға және музыканттарға шабыт беретіндігін айтты.
ҚР Бірінші Президенті атындағы саябақта өткен шараға 15 мыңнан астам алматылықтар мен қала қонақтары қатысты.
Осымен үшінші рет өткізіліп отырған «Алматым жүрегімде» атты ән байқауы қалалықтар үшін шынайы мерекеге айналды. Көрермендер жас композиторлармен, ән мәтінін жазушы ақындармен, сонымен қатар, жас әнші-жұлдыздармен танысты.