13:11, 22 Қараша 2013
Алматыны картоп, көкөніс, ет, жұмыртқа, жеміс-жидек және жүзіммен 80 пайызға қамтамасыз етіп отырмыз - А. Мұсаханов
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Алматы қаласы маңындағы азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы шеңберінде және азық-түліктік қауіпсіздік мақсатында едәуір жұмыстар қолға алынды.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов айтты. «Бүгінгі күні біз Алматы қаласын картоп, көкөніс, ет, жұмыртқа, жеміс-жидек және жүзіммен - 80 пайызға, сүтпен 40 пайызға қамтамасыз етіп отырмыз. «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес 21 өңдеуші кәсіпорын, 15 заманауи жылыжай мен қоймалар, 4 сүт фермасы мен май бордақылау кешендері пайдалануға берілді. 400-ден астам жылыжай мен 28 көкөніс сақтау қоймалары жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 877 кәсіпорында азық-түліктің 70-тен астам түрі шығарылады», - деп атап өтті А. Мұсаханов.