13:03, 24 Сәуір 2009
Алматының 2009-шы жылғы бюджеті бекітілді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы қаласының биылғы жылғы бюджеті бекітілді.
Оның жалпы көлемі 257 миллиард 999 миллион 763 мың теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен қалалық мәслихаттың XVII сессиясында қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Лариса Васильева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Л.Васильеваның айтуынша, бекітілген бюджеттің нақты жұмсалатыны 202 миллиард 188 миллион 484 мың теңге. Жалпы алғанда биылғы қала бюджеті 2008 жылмен салыстырғанда артық. Былтырғы жылы бюджет көлемі 215 миллиард теңге болған еді.Л.Васильеваның сөзіне қарағанда, шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігі төмендеуінен өткен жылы жергілікті бюджетке салық түсімдері азайған. «Сондықтан биылғы жылы болжанған бюджет көлемі 6,5 миллиард теңгеге қысқартылды. Алайда бұған қарамастан барлық көзделген нысандар құрылысы салынып бітеді. Бұнымен қатар Алматы қаласының «Жол картасы» үшін қосымша 14 миллиард 981,4 миллион теңге бөлінеді», - деді қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы.